Мемлекет басшысы "Ауыл кітапханаларына 100 кітап" атты акцияны барлық өңірлерге жолдаған еді. Осы орайда Түпқараған ауданы Таушық ауылының кітапханасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан 100 дана кітап табысталды.
Аталған шараға Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы директоры Зәуре Айтуарова, Түпқараған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Шолпан Нургалиева, ауыл ардагерлері, оқырмандар қатысты.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше тоқталып, өз сөзінде: "Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек" - деген болатын.
Қазір ел көлемі бойынша "Ауыл кітапханаларына 100 кітаптан" атты акция басталды.
Бұл бастаманың мақсаты — арқылы шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.